Монументалды өнер

Кенесары хан ескерткіші

Ескерткіш Есіл өзенінің жағалауында орналасқан.  2001 жылғы 11 мамырда ашылды. Кенесары ханның мүсіні қоладан құйылған және өңделген гранитпен қапталған биік тұғырға орнатылған.

Биіктігі  5,3 метр  ескерткіш тұғыры  ықшам жасалған. Ескерткіш тұғыры мәнерлі болмағанмен,қырлары кең жасалған бұрыштары ескерткішті жан-жақтан қарауға мүмкіндік береді. Сыртқы жағы күртілік гранитпен қапталып, өңделген. Ат үстіндегі мүсіннің биіктігі  6 ме­тр.

Ханның айбынды мүсіні,беліне  таянған оң қолы, дана да алғыр  мемлекет қайраткерінің терең ойлы көзқарасы, үзеңгіні мықты ұстаған сол қолы хан мүсініне бекзаттық сипат береді. Қатты шауып келе жатқан ат, салт аттының  өршіген жігерінен, бір сәтке ғана  тоқтағандай  әсер береді.  Әскери сауыт-сайманға мұздай оранған хан мүсіні монументалды сипатта берілген. Оның  тұрысы  салт аттының  абыржыған кейпінен  үрейлі кезеңнің келгенін және ел тағдырына байланысты айрықша маңызы бар  батыл шешім қабылдайтын уақыттың келгендігін көрсетеді.

Жалпы салмағы  10 тоннадан астам, қола - 8 тонна, болат каркас. Жобасы мен орнатылатын орнын Президент мақұлдаған. Ескерткіш Алматы қаласындағы Киров зауытында құйылды.Конструктор - А. Тәттіғұлов, құюшы - В. Ковехов.

Авторлары: мүсінші  Нұрлан Далбай, сәулетші  Шота Уәлиханов.

Кенесары Қасымұлы (1802-1847) қазақ сұлтаны, Орта жүздің ханы, Қазақстан территориясында отарлық-азаттық қозғалыстың жетекшісі, Абылай ханның немересі.

FaLang translation system by Faboba